Skip to main content

NITEC және Мадрид Автономды қауымдастығының Цифрландыру министрлігі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

Қазақстан, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы («ҰАТ» АҚ) атынан, Мадрид Автономды қауымдастығының Цифрландыру министрлігімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжатқа «ҰАТ» АҚ Басқарма төрағасы Дәулет Бекманов және Мадридтің Цифрландыру министрі Мигель Лопес-Вальверде Аргуэсо Digital Bridge 2025 халықаралық форумы аясында қол қойды.

Ынтымақтастық АКТ және киберқауіпсіздікті дамыту, жасанды интеллект саласындағы реттеу, деректерді басқару және GovTech-ті ілгерілету сияқты кең ауқымды бағыттарды қамтиды. Негізгі жобалардың бірі Мадридте бірлескен GovTech сынақ алаңын құру мүмкіндігін қарастыратын болады, бұл стартаптарға, жылдам өсіп келе жатқан компанияларға және мемлекеттік органдарға икемді реттеу жағдайларында цифрлық шешімдерді сынауға мүмкіндік береді.

«Қазақстан цифрлық трансформацияда үлкен жолдан өтті. Бүгінде бізде өз тәжірибемізді бөлісетіндей құзырет пен әлеует бар. Дегенмен, цифрлық даму – бұл үздіксіз қозғалыс. Сондықтан біз серіктестерден үйренуге, озық тәжірибелерді игеруге және бірге жаңа шешімдер жасауға мүдделіміз. Испанияның ірі аймақтарының бірі – Мадридпен серіктестік бізге ортақ инновациялар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», деп атап өтті «ҰАТ» АҚ Басқарма төрағасы Дәулет Бекманов.

Тараптар сондай-ақ жасанды интеллект пен үлкен деректер саласында бірлескен зерттеулер жүргізуді, цифрлық трансформация тәжірибесімен алмасуды және АКТ саласында мамандар даярлауды жоспарлап отыр.

Қол қойылған келісім Қазақстанның халықаралық цифрлық кеңістіктегі орнын нығайтатын маңызды қадам болмақ. Ол Еуропаның озық аймақтарымен тәжірибе алмасуға ғана жол ашып қоймай, сонымен бірге жаңа буынның цифрлық мемлекетін дамытуға бағытталған ортақ инновациялық жобалардың негізін қалайды.