Skip to main content

eGov-тан жасанды интеллектке дейін: Камбоджа Қазақстанның цифрлық мемлекет құру тәжірибесін зерделеді

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ыңғайлы цифрлық сервиске қалай айналдыруға болады, шешім қабылдау кезінде деректерді қалай тиімді пайдалануға және жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару жүйесіне қалай енгізуге болады? Бұл сұрақтарға қазақстандық сарапшылар Астанада 1-4 қыркүйек аралығында өткен Digitalization of Public Service Delivery in Kazakhstan халықаралық білім беру бағдарламасы аясында Камбоджа делегациясына жауап берді.

Төрт күн бойы бағдарлама қатысушылары Қазақстанның цифрлық мемлекет құру моделін зерделеп, электрондық үкіметтің базалық инфрақұрылымынан бастап, жасанды интеллект негізіндегі заманауи шешімдерге дейінгі цифрлық даму бағыттарымен танысты.

Бағдарламаның негізгі алаңдарының бірі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ («ҰАТ» АҚ) ұйымдастырған оқыту сессиялары болды. Қомпания мамандары Камбоджа делегациясына eGov.kz порталының цифрлық инфрақұрылымы, eGov Mobile мобильді үкіметі, Smart Data Ukimet платформасы, сондай-ақ жасанды интеллектіні мемлекеттік секторда практикалық қолдану бағыттары бойынша таныстырылымдар мен оқыту сессияларын өткізді.

Қатысушылар цифрлық мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамытуға және технологиялық шешімдердің азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды қалай өзгерте алатынына ерекше назар аударды. Атап айтқанда, цифрлық технологиялар мемлекеттік қызметтерді жылдам, ыңғайлы әрі тиімді етуге мүмкіндік беретіні атап өтілді. Сапар аясында делегация Alem AI алаңына барып, жасанды интеллект саласындағы заманауи әзірлемелермен және оларды қолданудың перспективаларымен танысты. Бағдарлама практикалық воркшоппен қорытындыланып, оның барысында қатысушылар цифрлық трансформация тәсілдерін талқылап, алған білімдерін тәжірибеде қолданды.

«Қазақстанның цифрлық шешімдері мен GovTech саласындағы даму тәжірибесінің шетелдік әріптестер тарапынан қызығушылық тудырып отырғанына қуаныштымыз. Бүгінде «ҰАТ» АҚ үшін жинақталған тәжірибемен бөлісу ғана емес, халықаралық серіктестермен ашық кәсіби диалог жүргізу де маңызды. Мұндай бағдарламалар өз шешімдерімізді таныстыруға, тәжірибе алмасуға, құнды кері байланыс алуға және цифрлық мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді одан әрі дамыту мен жетілдіру үшін үздік тәжірибелерді зерделеуге мүмкіндік береді», – деп «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Дәулет Бекманов атап өтті.

Digitalization of Public Service Delivery in Kazakhstan бағдарламасы «ҰАТ» АҚ-ның халықаралық ынтымақтастығын одан әрі дамытуға және Қазақстанның GovTech, цифрлық мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мен жасанды интеллект салаларындағы сараптамасын халықаралық деңгейде ілгерілетуге бағытталған кезекті қадам болды.