Skip to main content

Электрондық үкімет порталын пайдаланушылардың саны 6 миллионға жетті

Электрондық үкімет порталын пайдаланушылардың саны 6 миллионға жетті

Отандық электрондық үкімет порталында тіркелген пайдаланушылардың саны 6 миллионға жетті. Астана қаласының 68 жасар тұрғыны Раиса Тян 6 миллионыншы пайдаланушы болып тіркелген.

Оған тиісті сертификат пен естелік сый табысталды. Раиса Тян электрондық цифрлық қолтаңбаны алғаннан кейін eGov.kz порталы арқылы болашақта мемлекеттік қызметтер мен анықтама құжаттарын үйде отырып алу үшін тіркелген екен.

Бүгінгі таңда электрондық үкімет порталы арқылы 760 қызмет пен сервис іске қосылған.

Мемлекеттік порталда сұранысы жоғары қызметтер түріне жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы анықтамалар (2016 жылы 5 млн.-ға жуық), жылжымайтын мүліктің болмауы (болуы) туралы анықтамалар (2016 жылы 4 млн.-нан астам), зейнетақы төлемдері туралы (3 млн.-ға жуық), сотталмау туралы анықтамалар (2,2 млн.-ға жуық) және т.б. жатады.

Аталған портал іске қосылғаннан бері отандастарымызға 164,4 млн.-нан астам электрондық қызмет көрсетілген. 

Қазақстандықтар онлайн төлемдерді де белсенді пайдаланып жүр. Бүгінгі күнге дейін электрондық үкіметтің төлем шлюзі арқылы 14 млрд.-тан астам сомаға транзакция жасалса, оның 11 млрд.теңгесі жолда жүру ережесін бұзуға қатысты айыппұлдардың үлесіне тиесілі.

Көптеген мемлекеттік қызметтерге онлайн қол жеткізуге арналған электрондық цифрлық қолтаңба былтырғы жылы 3,7 млн. рет алынған, ал биылғы жылдың бірінші айында 984 мыңнан астам адам ЭЦҚ тіркеген.

Естеріңізге салсақ, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының электрондық үкімет саласының даму деңгейі бойынша дүниежүзілік рейтингте 33-ші орында.