Skip to main content

IOAI 2026 қатысушылары олимпиадалық тапсырмаларды Alem.Cloud суперкомпьютерлік платформасында орындауда

Астанада өтіп жатқан IOAI 2026 жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадасының қатысушылары байқау тапсырмаларын Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютерінің есептеу платформасында орындауда. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ олимпиадаға технологиялық серіктес ретінде қатысып, қатысушыларға жоғары өнімді есептеу инфрақұрылымына қолжетімділік ұсынды.

Alem.Cloud есептеу қуаттары жасанды интеллект, машиналық оқыту және деректерді талдау салаларындағы тапсырмаларды орындауға пайдаланылады. Қатысушылар модельдерді оқытып, тестілеуден өткізеді, алгоритмдер әзірлейді және ресурсты көп қажет ететін есептеулерге арналған инфрақұрылымда өз шешімдерін сынақтан өткізеді.

IOAI 2026 олимпиадасына әлемнің 106 елі мен аумағынан 500-ге жуық оқушы қатысуда. Ұлттық суперкомпьютер платформасында жұмыс істеу қатысушыларға қазіргі заманғы жасанды интеллект жобаларында қолданылатын ортаға жақын инфрақұрылымда тапсырмалар орындауға мүмкіндік береді әрі жоғары өнімді есептеулерге қойылатын практикалық талаптармен таныстырады.

«Біз IOAI 2026 қатысушыларына Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютерінің есептеу қуаттарына қолжетімділік ұсынып, олардың ресурсты көп қажет ететін тапсырмаларды заманауи жоғары өнімді инфрақұрылымда орындауына жағдай жасадық. «ҰАТ» АҚ үшін бұл технологиялық серіктестік қана емес, жас дарындарды, болашақ мамандарды қолдауға және жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосылған үлес», – деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Дәулет Бекманов.

«ҰАТ» АҚ-ның технологиялық серіктестігі олимпиаданың инфрақұрылымдық қолдауының маңызды бөлігіне айналды. Alem.Cloud платформасын пайдалану Қазақстанның есептеу инфрақұрылымының халықаралық деңгейдегі білім беру және технологиялық жобаларды қамтамасыз етуге дайын екенін көрсетеді.

Олимпиада Астанада ЮНЕСКО-ның қолдауымен өтіп жатыр және 8 тамызда аяқталады. Бағдарлама аясында жеке және командалық жарыстар, білім беру іс-шаралары, сондай-ақ халықаралық технологиялық қауымдастық өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылады.