Skip to main content

Талапкерлер eGov.kz порталында білім беру гранттарына өтінім бере алады

13 шілдеден бастап Қазақстанда білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтінім қабылдау басталады. Талапкерлер өтінімдерді электрондық үкімет порталы eGov.kz арқылы онлайн форматта тапсыра алады. Өтінімдерді қабылдау 13 шілде күні сағат 09:00-де басталып, 20 шілде күні сағат 18:00-де аяқталады.

2024 жылы конкурсқа қатысу үшін талапкерлер 104 мыңнан астам өтінім берген болатын, оның ішінде 5 мыңнан астамы eGov.kz порталы арқылы жіберілді. Бұл талапкерлердің онлайн форматқа деген қызығушылығының артып келе жатқанының көрсеткіші.

Электрондық үкімет порталы арқылы өтінім беру үшін талапкерлер алдын ала бірқатар құжаттарды дайындауы қажет. Өтінімге келесі құжаттардың цифрлық көшірмелері қоса тіркелуі тиіс: білім туралы құжат (аттестат немесе диплом), 3х4 форматындағы фотосурет, сондай-ақ B167 «Ұшатын аппараттар мен қозғалтқыштары ұшуда пайдалану» мамандығына қажет болған жағдайда дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы.

Қызмет шеңберінде жекелеген санаттағы студенттер үшін әлеуметтік қолдауға өтінім беру мүмкіндігі де қарастырылған. Мұндай жағдайда тиісті мәртебені растайтын құжаттар – мысалы, ата-анасының қайтыс болғаны туралы куәлік, мүгедектік туралы анықтамалар, жетім мәртебесін растайтын құжаттар және Қазақстан заңнамасында көзделген өзге де құжаттар ұсынылуы тиіс.

Қызметті алу үшін пайдаланушыға келесі қадамдарды орындау қажет:

  • kz порталына кіріп, авторизациядан өтіп, «Азаматтарға» – «Білім беру» – «Жоғары білім» бөлімін таңдау;
  • «Білім беру гранттарын тағайындау, сондай-ақ жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларға әлеуметтік қолдау көрсету» қызметін таңдау қажет;
  • «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басу керек;
  • барлық міндетті жолдарды толтырып, өтінімді қол қоюдың қолжетімді әдістерінің бірімен растау;
  • жеке кабинеттегі «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде өтінімді өңдеу туралы хабарламамен танысу. Хабарлама көрсетілген мерзімде жіберіледі.

Қызмет көрсету нәтижесі – білім беру грантын тағайындау туралы электрондық куәлік. Құжат электрондық форматта беріледі және 2025 жылғы 10 тамыздан кешіктірілмей eGov.kz порталындағы жеке кабинетте қолжетімді болады.

Өтінімдер ағынын біркелкі бөлу және пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін eGov.kz порталында күту парағы жаңа функциясы іске қосылды. Бұл жүйе пайдаланушыларды электрондық кезекке тіркеп, өтінім беру қызметін кезекпен ұсынады – парақты жаңартудың қажеті жоқ.

Сонымен қатар, SMS-хабарламалар жүйесі де көзделген: өтінім беру кезінде пайдаланушы «Кезектің жақындауы туралы SMS-хабарлама жіберу» жалаушасын белгілей алады. Пайдаланушының кезегі жақындаған кезде 1414 қысқа нөмірінен тіркелген ұялы телефон нөміріне хабарлама жіберіледі. Егер нөмір мобильді азаматтар базасында тіркелмеген болса, жүйе оны енгізуді ұсынады.

Қызметке сәтті қол жеткізу үшін өтінім бермей тұрып браузер бетін жаппау немесе жаңартпау маңызды.

Қызмет ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі арасындағы ынтымақтастық аясында іске қосылып, жаңғыртылды.