Skip to main content

«ҰАТ» АҚ-да ресейлік делегациямен электрондық үкімет бойынша тәжірибе алмасу мақсатындағы кездесу өтті

«ҰАТ» АҚ-да ресейлік делегациямен электрондық үкімет бойынша тәжірибе алмасу мақсатындағы кездесу өтті

6-ақпанда «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басшылығының «Сбербанк» ЖАҚ және Ресей Федерациясы атқарушы биліктің федералды органдарының өкілдерімен кездесуі өтті.  Шара электрондық үкімет бойынша тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылды.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасының м.а. Әлнұр Ермағамбетов мемлекеттік қызметтерді көрсететін egov.kz порталын пайдаланушылардың саны бүгінгі таңда 6 млн. шамасында екенін айтты. Бұл көрсеткіш еліміздің экономикалық белсенді халқының жартысынан көбін құрайды. Былтырғы жылы электрондық үкімет арқылы 40 млн.-нан астам қызмет көрсетілген болатын.

Кездесу барысында ресейлік делегацияны бастап келген «Сбербанк» ЖАҚ Вице-президенті Андрей Шаров, РФ Ақпарат және бұқаралық коммуникация министрінің орынбасары Алексей Козырев, РФ Үкіметі ақпараттық технологиялар және байланыс департаментінің директоры Владислав Федулов және басқа да қонақтарға электрондық үкіметтің негізгі компонеттері көрсетілді. Нақтырақ айтсақ, eGov.kz порталы мен мобильдік қосымшасы, «Е-лицензиялау», «Электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі», «Ашық үкімет» ақпараттық жүйелері таныстырылды.

Қонақтар елімізде бизнестегі жеке кәсіпкер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді тіркеу және рұқсаттама құжаттарын онлайн түрінде алуға жақсы жағдай жасалғандығын атап өтті. Осы күнге дейін Қазақстанда электрондық лицензиялау жүйесі арқылы 170 мыңнан астам лицензия мен 1,6 млн.нан астам рұқсат қағаздары берілген. Сонымен қатар, ресейлік қонақтар Қазақстандағы электрондық цифрлық қолтаңбаны беру механизміне қызығушылық танытты. Айта кетсек, көрші мемлекетке қарағанда цифрлық қолтаңба  Қазақстанда тегін беріледі.

Бұған дейін делегация ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевпен кездесіп Қазақстан мен Ресейдегі электрондық үкіметтің дамуын талқылады.