2025 жылы eLicense.kz порталы арқылы қазақстандықтарға 3 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді
«Е-лицензиялау» платформасы 2025 жылы азаматтар мен бизнес үшін өз мүмкіндіктерін дамытуын жалғастырды. Жыл басынан бастап пайдаланушылар 3 миллионнан астам лицензия мен рұқсат алды, ал порталдың күнделікті аудиториясы 30 мыңнан асты. Бұл цифрлық қызметтерге деген қызығушылықтың жоғары екенін және лицензиялау саласында олардың сұранысқа ие екенін көрсетеді.
«Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер базасының ақпараттық жүйесі Қазақстан Республикасының электрондық үкіметінің негізгі компоненттерінің бірі болып табылады. Жүйе лицензиялар мен рұқсат құжаттарының толық өмірлік циклін қамтиді, өтінім беру сәтінен бастап нәтижені алу кезеңіне дейін. Сонымен қатар жүйе процедуралардың ашықтығын, өтінімдерді қарастыру мерзімін қысқартуды және әкімшілік жүктемені азайтуды қамтамасыз етеді.
«Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесінің функционалын кеңейту жұмысы тұрақты жүргізіліп келеді. 2025 жылы платформаға 8 жаңа мемлекеттік қызмет қосылды. Білім беру қызметін лицензиялау рәсімдері барлық деңгейде – бастауыш, орта, жоғары және жоғарыдан кейінгі білім беру – цифрлық форматқа көшірілді. Сонымен қатар, балаларға арналған қосымша білім беру саласында қызметті бастау және тоқтату туралы хабарландыру сервисі іске асырылды.
Қызметтер тізімін кеңейту басқа салаларды да қамтыды. Жыл ішінде пайдаланушылар отандық шикізат өнімдерін экспорттауды лицензиялау және техникалық бақылау операторларының қызметіне рұқсат алу бойынша онлайн қызметтерге қол жеткізді. Сонымен қатар, платформада SMS-хабарламалар сервисі іске қосылды, ол пайдаланушыларға лицензиялар мен рұқсат құжаттарының мерзімі жақындағанын алдын ала хабарлауға мүмкіндік береді, бұл жүйемен өзара әрекетті әлдеқайда ыңғайлы етеді.
eLicense.kz платформасында ең көп қолданылатын қызметтер:
- Дара кәсіпкер ретінде қызметті бастағаны туралы хабарлама – 684 689 рет көрсетілген;
- Карантинге жатқызылған өнiмдi Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкетуге фитосанитариялық сертификат беру – 360 169 рет;
- Клиникалық практикаға жіберу үшін маман сертификатын беру – 306 228 рет.

Сонымен қатар, 2025 жылы порталда бес мемлекеттік қызмет проактивті форматқа көшірілді. Бұл форматта құжаттарды қайта рәсімдеу мемлекеттік органдар мен өтініш берушілердің қатысуынсыз автоматты түрде жүргізіледі. Мұндай тәсіл нәтиже алуды жылдам әрі ыңғайлы етеді.
Порталда 12 мемлекеттік қызмет үшін автоматты түрде қол қою режимі де іске қосылды. Бұл режим сыртқы экономикалық қызмет, тауар биржаларын лицензиялау, құрылыс және техникалық қадағалау саласындағы заңды тұлғалар мен ұйымдарды аккредиттеу, жобаларды басқару, спорт және дене шынықтыру саласындағы қызмет, табиғи ресурстар мен ауыл шаруашылық нысандарын реттеу сияқты салаларды қамтиды. Автоматты түрде қол қою арқылы өтініш беруші барлық қажетті құжаттарды тапсырған соң, мемлекеттік органдардың қатысуынсыз қызмет нәтижесін бірден алады.
Қызметтер тізімін белсенді кеңейту пайдаланушылар белсенділігінің тұрақты өсуімен қатар жүрді: 2025 жылдың соңына қарай eLicense.kz жүйесінде 4,2 миллионнан астам тіркелген пайдаланушы болды, оның 4 миллионы жеке тұлғалар, 250 мыңы заңды тұлғалар. Жыл ішінде платформаға 420 мың жаңа пайдаланушы қосылды, ал портал арқылы жалпы 3,5 миллион мемлекеттік қызмет көрсетілді. Орта есеппен күн сайын платформаның қызметтерін шамамен 30 мың адам пайдаланады, бұл цифрлық қызметтердің мемлекеттік қызмет алуда жоғары сұранысқа ие екенін растайды.
eLicense.kz платформасы пайдаланушылардың қажеттіліктері мен мемлекеттік реттеу міндеттерін ескере отырып, дамуын жалғастыруда. Функционалды кеңейту және пайдаланушы сценарийлерін жеңілдету лицензиялар мен рұқсаттарды алу процесін мүмкіндігінше жылдам әрі ыңғайлы етіп, толықтай цифрлық форматқа көшіреді.







