eGov.kz порталында және eGov Mobile мобильді қосымшасында көлік құралдарын онлайн тіркеу: автокөлік иелеріне арналған жаңа мүмкіндіктер
eGov.kz электронды үкімет порталында және eGov Mobile мобильді қосымшасында автокөліктерді тіркеуге қатысты бірқатар мемлекеттік қызметтер онлайн форматта қолжетімді. Пайдаланушылар ресми дилерден сатып алынған автокөлікті тіркеуге қоя алады, меншік иесі өзгермеген жағдайда техникалық паспорт пен мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін (МТНБ) ауыстыра алады, сондай-ақ меншік құқығы ауысқан кезде көлік құралын сатып алу-сату рәсімін электрондық түрде ресімдей алады.
Ресми дилерлерден сатып алынған автокөліктерді бастапқы тіркеу
Енді Қазақстанда өндірілген автокөлікті бастапқы тіркеуден өткізу онлайн жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта бұл мемлекеттік қызмет еліміз бойынша 100-ден астам ірі дилерлік орталықта қолжетімді. Олардың қатарында «Aster Auto» ЖШС, «Terra Motors Astana» ЖШС, «Allur Motor Qazaqstan» ЖШС, «Hyundai Auto Almaty» ЖШС, «Mycar Astana» ЖШС және басқа да автосалондар бар. Сонымен қатар, интеграциялық сервиске қосылуына қарай онлайн ресімдеу мүмкіндігі бар автосалондар тізімі кезең-кезеңімен кеңейтілуде.
Қызметті алу үшін сатып алушы автосалонда автокөлікті таңдап, сатып алу-сату шартын рәсімдейді. Одан кейінгі тіркеу рәсімі қашықтан, автосалонға қайта баруды талап етпей жүзеге асырылады.
Дилер өтінім жолдағаннан кейін сатып алушы eGov.kz порталындағы жеке кабинетіне хабарлама алады немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы push-хабарлама түседі. Пайдаланушы деректердің дұрыстығын тексеріп, ұсынылған нұсқалар арасынан мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін таңдайды және өтінімді қолданыстағы тәсілдердің бірімен растайды. Осылайша тіркеудің негізгі кезеңдері онлайн форматта орындалады. Пайдаланушылардың ыңғайлылығы үшін МТНБ таңдау нұсқаларының тізбесі де кеңейтілді. Қызмет көрсету мерзімі – 2 сағатқа дейін.
Дайын құжаттар мен мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері таңдалған мамандандырылған ХҚКО-дан беріледі.
Техникалық паспорт пен мемлекеттік нөмірді ауыстыру
2026 жылдың басында мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін онлайн таңдау қызметі іске қосылып, автокөлік иелері арасында кең сұранысқа ие болды.
Енді меншік иесі өзгермеген жағдайда техникалық паспорт пен мемлекеттік нөмірді ауыстыру мемлекеттік қызметі де онлайн форматта қолжетімді. Өтінім берілген кезде жүйе көлік құралын айыппұлдар мен ауыртпалықтардың бар-жоғына автоматты түрде тексереді. Қызмет бір сағат ішінде көрсетіледі.
Көлік құралына қатысты шектеулер болған жағдайда, оның ішінде кепілде тұрған немесе өзге де кедергі келтіретін мән-жайлар анықталса, онлайн ресімдеу мүмкін болмайды. Мұндай жағдайда тіркеу әрекеттері мамандандырылған ХҚКО-ға жеке жүгіну арқылы жүзеге асырылады.
Азаматтар арасындағы автокөлікті сатып алу-сату
Сондай-ақ eGov.kz порталында және eGov Mobile мобильді қосымшасында жеке тұлғалар арасында көлік құралын сатып алу-сату шартын электрондық форматта рәсімдеу мүмкіндігі іске асырылды.
Бұған дейін бұл мүмкіндік жекелеген банктердің сервистері аясында, нақты қаржы ұйымдарының клиенттері үшін ғана қолжетімді болатын. Енді сервис мемлекеттік қызметтер деңгейінде интеграцияланып, мәмілені ресімдеудің бірыңғай цифрлық процесін қамтамасыз етеді.
«Бұған дейін ҚР Ішкі істер министрлігінің қолдауымен ірі банктердің мобильді қосымшаларында азаматтар арасында автокөлікті онлайн рәсімдеу қызметі сәтті іске қосылған болатын. Енді цифрлық сервистер тіркеу үдерісінің толық циклін қамтиды: автосалоннан жаңа көлік сатып алудан бастап, әртүрлі банктердің клиенттері арасындағы мәмілелерге дейін, сондай-ақ техникалық паспорт пен мемлекеттік нөмірді ауыстыру қызметтерін де біріктіреді. Бұл сәуір айынан бастап мамандандырылған ХҚКО-ларға бару санын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин.
Көлік құралдарын тіркеу саласындағы онлайн сервистерді дамыту азаматтар мен бизнес үшін рәсімдерді жеңілдетуге, офлайн өтініштер санын азайтуға және тіркеу әрекеттерінің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Жаңарту Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Мемлекеттік қызметтер комитетінің және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның бірлескен жұмысы аясында жүзеге асырылды.
#DigitalQazaqstan2026 #AIQazaqstan2026







