Skip to main content

Енді elicense.kz порталы арқылы Әзербайжан, Түркия және Қырғызстанға жүк тасымалдауға арналған рұқсаттарды электрондық форматта алуға болады

Қазақстандық жүк тасымалдаушылар енді Әзербайжан, Түркия және Қырғызстан аумағына кіруге арналған электрондық рұқсаттарды онлайн рәсімдей алады. elicense.kz порталында шетелдік рұқсат бланкілерін алуға болатын бағыттар тізімі кеңейтілді.

Шетелдік рұқсат бланкісі – қазақстандық тасымалдаушыға белгілі бір шет мемлекеттің аумағында жүк тасымалдауға құқық беретін құжат. Мұндай рұқсаттар мемлекеттер арасында екіжақты негізде алмасылады.

«Бұл тасымалдаушылар үшін мемлекеттік органдарға бару санын азайтып, жұмысқа көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді. «Е-лицензиялау» платформасы рұқсат беру үдерістерін кезең-кезеңімен онлайн форматқа көшіру бағытында дамып келеді», – деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Мемлекеттік қызметтер комитеті төрағасының орынбасары Ержан Ақтаев.

Қызметті Қазақстан Республикасында тіркелген және халықаралық автомобиль тасымалдарына рұқсаты бар көлік құралдарына ие қазақстандық тасымалдаушылар (заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер) пайдалана алады.

Қызметті пайдалану үшін пайдаланушыға:

  • kz порталында авторизациядан өтіп, «Көлік» бөліміне өту;
  • «Халықаралық қатынаста жолаушыларды және багажды автомобильмен тасымалдауды тұрақты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының тасымалдаушыларына шет мемлекеттің аумағына (аумағынан) кіруге (кетуге) рұқсат беру» қызметін таңдап, «Онлайн тапсырыс беру» батырмасын басу;
  • өңірді/қаланы және РММ-ні таңдау;
  • ұйымның БСН-ін, өкілдің аты-жөнін және лауазымын енгізу;
  • заңды тұлғаның тіркеу деректерін және мекенжайын толтырып, «Келесі» батырмасын басу;
  • көлік құралы туралы мәліметтерді және шетелдік рұқсаттарға қажеттілікті көрсету (ел атауы, бланк түрі, саны);
  • ҚР Көлік министрлігінің ақпараттық жүйесі арқылы тексеріс нәтижесінде электрондық шетелдік рұқсат бланкісі брондалады;
  • мемлекеттік бажды төлеп, өтінімді қол қоюдың қолжетімді тәсілдерінің бірімен растау.

Қызмет көрсету мерзімі – 2 жұмыс күні. Рұқсат дайын болған соң құжат elicense.kz порталындағы Жеке кабинетке жіберіледі. Бланктің жарамдылық мерзімі жеке кабинетке хабарлама түскен сәттен бастап 30 күнді құрайды. Қызмет құны – бір бланк үшін 1 АЕК.

Функционал ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және ҚР Көлік министрлігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде іске асырылды.