Skip to main content

Қазақстанды цифрландыру: eGov.kz электрондық үкімет порталына – 20 жыл

12 сәуір күні eGov.kz электрондық үкімет порталы іске қосылғанына 20 жыл толды. Осы уақыт аралығында портал қарапайым ақпараттық ресурс деңгейінен толыққанды цифрлық экожүйеге дейін дамып, әрбір қазақстандықтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінде ол елдегі технологиялық трансформацияның айқын көрінісі саналады.

eGov.kz тарихы – бұл 2006 жылдан бастау алған жүйелі даму кезеңдерінің жиынтығы. Порталдың негізін қалауға Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 10 қарашадағы №1471 Жарлығы, яғни 2005-2007 жылдарға арналған электрондық үкіметті қалыптастыру мемлекеттік бағдарламасы себеп болды. Алғашында портал тек анықтамалық қызмет атқарып, азаматтарға мемлекеттік органдар мен қызметтер туралы ақпарат ұсынумен шектелген еді.

Уақыт өте келе электрондық үкіметтің базалық инфрақұрылымы қалыптасып, мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта алу мүмкіндігі пайда болды. Даму кезең-кезеңімен жүзеге асты: алғашқы электрондық қызметтерден бастап онлайн төлемі бар транзакциялық сервистерге, одан әрі өмірлік жағдайларға негізделген кешенді қызметтерге дейін жетті.

Цифрлық инфрақұрылымның маңызды элементтері енгізілді. Олардың қатарында мемлекеттік деректер базалары, ведомстволық ақпараттық жүйелер, eLicense.kz порталы, Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығы және электрондық үкімет шлюзі бар. Бұл шешімдер ең сұранысқа ие қызметтерді алуды жеңілдетіп, мемлекеттік органдарға жеке жүгіну қажеттілігін едәуір қысқартты.

Цифрлық сервистер пайдаланушы тәжірибесін түбегейлі өзгертті. Мысалы, заңды тұлғаны небәрі 15 минут ішінде тіркеуге немесе баланың тууын онлайн рәсімдеп, бір мезетте жәрдемақыға өтініш беріп, балабақша кезегіне қоюға мүмкіндік туды.

2019 жылы электрондық үкіметтің мобильді қосымшасы жаңартылып, eGov Mobile ретінде дами бастады. Пандемия кезеңі жүйе үшін үлкен сынақ болумен қатар, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Шектеулер жағдайында eGov.kz мемлекет пен азаматтар арасындағы негізгі байланыс арнасына айналып, қызметтерге қашықтан үздіксіз қол жеткізуді қамтамасыз етті. 2020 жылы биометриялық сәйкестендіру енгізіліп, қызмет алу үдерісі одан әрі жеңілдеді. Осы кезеңде пайдаланушылар саны мен онлайн қызметтер көлемі айтарлықтай өсті. Сонымен қатар Smart Bridge, Smart Data Ukimet және eGov Business жобалары іске қосылып, цифрлық құжаттар бағыты қарқынды дамыды.

Бүгінде электрондық үкімет күнделікті өмірдің қалыпты құралына айналды. Порталда 15 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген, ал көрсетілген қызметтердің жалпы саны 508 миллионнан асты. eGov Mobile арқылы 111 миллионнан астам қызмет көрсетілген, бұл азаматтардың мобильді форматқа тұрақты түрде көшіп жатқанын көрсетеді. Қазіргі таңда 1300-ден астам мемлекеттік қызметтің шамамен 90%-ы онлайн қолжетімді. Сондай-ақ пайдаланушылар үшін 39 цифрлық құжат ұсынылған.

center

«eGov-тың 20 жылы – ақпараттық порталдан бастап миллиондаған қазақстандықтың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналған ауқымды цифрлық экожүйеге дейінгі жол. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн қолжетімді, ал мемлекетпен өзара іс-қимыл бұрынғыдан да жылдам әрі ыңғайлы бола түсті. Қазір біз жаңа кезеңге – eGov 3.0-ге қадам басып отырмыз, мұнда проактивті сервистер мен жасанды интеллект негізіндегі шешімдер шешуші рөл атқарады. Елдің цифрлануына негіз қалаған және оны әрі қарай дамытып келе жатқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін. Бұл – заманауи әрі тиімді мемлекетті қалыптастыруға қосылған үлкен үлес», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Қазіргі кезеңде eGov.kz және оның құрамдас бөліктерін дамыту жасанды интеллект шешімдерін кеңінен енгізуге бағытталған. Атап айтқанда, eGov AI және AlemGPT платформасы сияқты құралдар азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара әрекеттесуді барынша қарапайым әрі түсінікті етеді, соның ішінде табиғи тілде диалог жүргізу мүмкіндігін береді. Қазіргі уақытта толық циклді қызмет көрсетуге арналған мультиагентті AlemGPT платформасы сынақтан өтуде. Болашақта ол мемлекеттік қызметтердің барлық түрі бойынша толыққанды AI-көмекшіге айналады.

Қазақстанның электрондық үкіметі халықаралық деңгейде де жоғары бағаланып отыр. 2024 жылы UN Global E-Government Development Index рейтингінде Қазақстан 193 елдің ішінде 24-орынға ие болды, сондай-ақ онлайн қызметтер индексі (OSI) бойынша 10-орынды иеленіп, Оңтүстік Корея, Дания және Эстония сияқты әлемдік рейтинг көшбасшыларымен қатар тұр. БҰҰ сарапшылары Қазақстанның электрондық үкіметі мен оның құрамдас бөліктерінің тиімділігін жоғары бағалады. Аталған жүйелердің операторы – «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында цифрлық шешімдерді қолданудың халықтың өмір сапасын арттырудағы маңызы атап өтілді.

Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік мәселелері әрдайым басым бағыт болып қала береді. Жеке деректерді қорғау конституциялық деңгейде бекітілген және цифрлық инфрақұрылымның тұрақтылығымен қатар мемлекеттік сервистерге деген сенімнің негізі ретінде қарастырылады.

Осы жетістіктердің артында ең басты нәтиже тұр – азаматтардың үнемделген уақыты мен ресурстары, сондай-ақ бюрократиялық жүктеменің айтарлықтай азаюы. Бүгінде eGov жай ғана құрал емес, мемлекет пен қоғамның сенімді цифрлық серіктесіне айналды.

Қазір біз келесі қадамды жасап отырмыз – анағұрлым ақылды, қамқор әрі шын мәнінде адамға бағдарланған мемлекет құруға. Осыдан 20 жыл бұрын баланың тууын рәсімдеу, тіркеуге тұру немесе жәрдемақы алу бірнеше минуттың ішінде, үйден шықпай-ақ жүзеге асады деп елестету қиын еді. Ал бүгінде бұл – қалыпты өмір шындығы.

#DigitalQazaqstan2026 #AIQazaqstan2026