Ұйымдар атынан азаматтардың тіркелуін растау жеңілдеді
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ ұйымдар үшін қол қою өкілеттігін беру мүмкіндігін кеңейтті. Енді балансында тұрғын үй қоры бар заңды тұлғаның бірінші басшысы тұрғылықты жері бойынша тіркеуге берілген өтінімдерді растау өкілеттігін уәкілетті қызметкерге бере алады.
Бұл шешім әсіресе балансында жатақханалар немесе қызметтік тұрғын үйлер бар ұйымдар үшін өзекті. Атап айтқанда, студенттерді тіркеуге қатысты өтінімдер көп түсетін жоғары оқу орындары, академиялар және мемлекеттік мекемелер үшін тиімді.
Бұған дейін ұйым иесі тарапынан растауды талап ететін мемлекеттік қызметтерге өтінімдерге тек бірінші басшы ғана қол қоя алатын (бұл жағдайда ректорлар), сондықтан процесс жиі созылып кететін. Енді жаңарту арқылы бұл өкілеттік қызметкерге беріліп, азаматтардың өтінімдерін қарау үдерісі жеделдейді.
«Біз жаңа цифрлық сервистерді іске қосумен қатар, пайдаланушылардың кері байланысы негізінде қолданыстағы мемлекеттік қызметтерді де тұрақты түрде жетілдіріп отырамыз. Бұл функционал еліміздегі жоғары оқу орындарының бірі – Назарбаев Университетінің өтініші негізінде жүзеге асырылды. Университет өкілдері студенттерді жатақханаға тіркеу өтінімдерін жылдам өңдеу үшін қол қою өкілеттігін уәкілетті қызметкерге беру қажеттігін атап өткен болатын. Осы ұсынысты ескере отырып, студенттерді және өзге де азаматтарды тіркеу процесін жеделдетуге мүмкіндік беретін тиісті механизм енгізілді», – деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Даулет Бекманов.
«Тұрғылықты жері бойынша тіркеу» мемлекеттік қызметін пайдалану үшін қызметкер «Қол қою құқығы бар қызметкер» мәртебесімен ЭЦҚ алуы қажет. Өкілеттігі расталғаннан кейін ол заңды тұлға атынан тұрғылықты жері бойынша тіркелуге берілген өтінімдерді өз бетінше растай алады. eGov.kz порталындағы «Жеке кабинетте» өтінімдер бойынша хабарламалар әрі басшыға, әрі уәкілетті қызметкерге қолжетімді болады. Бұл өтінімдерді жедел өңдеуге және тіркеуді растау кезінде туындайтын кідірістердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Функционал тұрғылықты жері бойынша тіркеу қызметін онлайн форматқа көшіру барысында сервисті жеке және заңды тұлғалардың пайдалану тәжірибесі ескеріліп, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ тарапынан іске асырылды.







