АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА

Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және пайдаланушыларды қорғау мақсатында осы жылдың қазан айынан бастап eGov.kz электрондық үкімет порталы мен оның құрамдас бөліктерінде (eOtinish сервисі, «Ашық үкімет» порталы) авторизациялау тәртібі жаңартылды. Енді электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы бірінші кезеңде жүйеге кіргеннен кейін пайдаланушы өзінің жеке басын 1414 нөмірінен келетін SMS-код арқылы қосымша растауы қажет.
Жаңа авторизация жүйесі ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттыруға және мемлекеттік онлайн-қызметтерді пайдалану кезінде пайдаланушы деректерін қорғауға бағытталған. Екінші кезең авторизациясы ЭЦҚ кілтін жоғалту немесе үшінші тұлғалардың пайдаланушы кілтін пайдаланып eGov.kz порталында заңсыз қол жеткізу әрекеттерінен азаматтарды қорғайды. Мұны іске асыру үшін пайдаланушының жеке басын порталда тіркелген мобильді телефон нөмірі арқылы растау қажет.
1414 нөмірінен SMS келмесе не істеу керек?
SMS-кодтарды дұрыс алу үшін пайдаланушының телефоны eGov.kz порталындағы есептік жазбаға тіркелгенін тексеру қажет. Егер нөмір тіркелмесе, хабарламалар келмейді. Мобильді телефон нөмірін порталдағы есептік жазбаға тіркеу бойынша нұсқаулықты осы жерде қарауға болады.
SMS-кодсыз авторизацияның баламалы тәсілі бар ма?
Пайдаланушы eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы да авторизациялана алады. Ол үшін порталдағы авторизация бетінде көрсетілген арнайы QR-кодты мобильді қосымша арқылы сканерлеу қажет.
Пайдаланушы шетелде болса не істеу керек?
Қазақстан Республикасының шегінен тыс жүрген жағдайда 1414 нөмірінен SMS хабарламалар тек халықаралық роуминг қосылғанда ғана келеді. Сондықтан шетелде портал қызметтерін пайдалану алдында роуминг қызметінің қосылғанын тексеру маңызды.
Маңызды! Электрондық цифрлық қолтаңба кілттерін үшінші тұлғаларға беру қауіпсіздік талаптарына сәйкес тыйым салынған, себебі ЭЦҚ – жеке сәйкестендіру құралы және жеке қолтаңбамен теңестіріледі. ЭЦҚ-ны басқа тұлғаларға бергені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
ЭЦҚ-мен жұмыс кезінде құқықбұзушылықтың алдын алу үшін заңды тұлғаның құжаттарын тек басшы немесе ұйымның ресми өкілетті тұлғалары ғана қол қоя алады. Әркім өз атына берілген ЭЦҚ-ны пайдаланады, ал сенімхат тек осы тұлғаның құжатқа қол қоюға құқығы бар екенін растайды. Егер құжаттарды қол қою жүйесі қосымша өкілеттіліктерді талап етсе, жүйе иесінен іс-әрекет тәртібін нақтылау қажет.
Жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер өз атынан құжатқа қол қою үшін басқа тұлғаны ресми өкілеттікпен тағайындай алады. Бұл жағдайда әркім өз атына берілген ЭЦҚ-ны пайдаланады.
Бұзушылық анықталған жағдайда жеке және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тәртіп бұзушының санатына қарай келесі мөлшерде айыппұлдар қарастырылған:
- жеке тұлғаларға – 50 АЕК (196 600 теңге);
- лауазымды тұлғаларға, шағын бизнес субъектілеріне және коммерциялық емес ұйымдарға – 100 АЕК (393 200 теңге);
- орта бизнес субъектілеріне – 150 АЕК (589 800 теңге);
- ірі бизнес субъектілеріне – 200 АЕК (786 400 теңге).
Авторизациялау тәртібіндегі өзгеріс «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы бірыңғай талаптарды бекіту туралы» құжаттың 47-тармағына сәйкес енгізілді, онда көпфакторлы аутентификацияны міндетті түрде қолдану қарастырылған. Жаңартылған авторизациялау тәртібі жеке және заңды тұлғаларға бірдей қолданылады.