Skip to main content

Бағдат Мусин «ҰАТ» АҚ ұжымын Электрондық үкіметтің 15 жылдығымен құттықтады

12 сәуір күні, 15 жыл бұрын, eGov.kz өз жұмысын мемлекеттік басқару органдарының ел азаматтарымен цифрлық кеңістіктегі өзара іс-қимыл тетігі ретінде бастады. Бүгінде 12 миллионға жуық қазақстандық электрондық мемлекеттік қызметтерді пайдаланады, ал бұл барлық халықтың шамамен 62%-ы.

Жыл сайын электрондық үкіметтің қолжетімді қызметтерінің саны өсуде, олардың ішінде халық үшін әлеуметтік маңызы бар қызметтер, бизнес үшін қызметтер, төлемдер мен пайдалы сервистер, композиттік және проактивті қызметтер, сондай-ақ лицензиялар мен рұқсат беру құжаттары бар.

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өткен жыл Мемлекеттік басқарудың барлық процесстерін цифрландыру бағытында атқарылған жұмыстың қаншалықты маңызды екендігін көрсетіп, электрондық үкіметті дамытуға қосымша серпін бергенін атап өтті.

"Бір жыл ішінде ЭЦҚ қашықтықтан шығару, автокөлікті тіркеу, білім беру мекемелеріне құжаттарды қабылдау және 30-дан астам әлеуметтік-маңызды қызметтер мүмкіндігі іске асырылды. Үлкен жұмыс атқарылды! Мен барлық қызметкерлерді мерейтоймен құттықтап, оларға және олардың отбасыларына зор денсаулық және жаңа кәсіби жетістіктер тілеймін!», - деді ол.

Қазір eGov.kz порталында қазақстандықтар мемлекеттік қызметтердің 91%-ын ала алады. Сонымен қатар, қоғамның заманауи қажеттіліктері ескеріле отырып, eGov-тың десктоптық нұсқасынан басқа, қызметтерді ұсынудың қосымша тәсілдерін дамытуға көбірек көңіл бөлінуде. Осылайша eGov Mobile қосымшасында цифрлық құжаттар, денсаулық паспорты, зейнетақы калькуляторы және электрондық еңбек биржасы сияқты 91 қызмет пен 4 сервис қолжетімді, ал биометрияны пайдалана отырып, қосымшада бірнеше минут ішінде тіркелуге және ЭЦҚ-ны шығаруға болады. Telegram, Facebook және ВКонтакте мессенджерлері арқылы 22 қызметке тапсырыс беруге болады. 2020 жылы барлық арналар бойынша 60 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді.