Skip to main content

eGov.kz порталында заңды тұлғалар автокөлік нөміріне онлайн тапсырыс бере алады

eGov.kz электрондық үкімет порталында заңды тұлғаларға арналған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілеріне (МТНБ) тапсырыс беру қызметі автоматтандырылды. Енді ұйымдар өз автокөліктері үшін қалаған нөмірді онлайн таңдай алады.

Жаңартылған «Заңды тұлғалардың автокөліктері үшін мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісіне тапсырыс беру» қызметі eGov.kz порталында қолжетімді. Алдағы уақытта бұл сервис eGov Business мобильді қосымшасының басты бетінде де пайда болады. Бұған дейін аталған қызмет тек жеке тұлғаларға ұсынылатын. 2026 жылдан бастап мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің тізімі кеңейтіліп, «қалаулы» және «симметриялы» санаттар енгізілді.

Қызметті eGov.kz порталында пайдалану үшін пайдаланушыға:

  • kz порталында авторизациядан өтіп, «Азаматтарға» – «Көлік және коммуникациялар» – «Автомобиль көлігі» бөліміне өту;
  • «Мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін алуға тапсырыс беру» қызметін таңдау;
  • қалаған нөмірді немесе комбинацияны таңдау;
  • егер нөмір бос болмаса, басқа нұсқаны енгізу;
  • нөмір бос болған жағдайда оның құны АЕК-пен және теңгемен көрсетіледі;
  • міндетті жолдарды толтыру (облысты, нөмір берілетін ХҚКО-ны және нөмір түрін таңдау);
  • мемлекеттік бажды төлеу;
  • өтінімді қол қою құқығы бар ЭЦҚ арқылы растау;
  • жеке кабинеттегі «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінен электрондық құжат пен қызметтің нәтижесі туралы хабарламамен танысу.

Дайын нөмірді алдын ала таңдалған ХҚКО-дан алу қажет. Нөмір автокөлікке мемлекеттік тіркеу рәсімі жүргізілгеннен кейін ғана ұйымға бекітіледі. Сондықтан автокөлікті қайта тіркеу немесе сатып алу кезінде нөмірдің ХҚКО-да дайын екеніне алдын ала көз жеткізген жөн. Қызмет көрсету мерзімі: Астана және Алматы қалаларында – 5 жұмыс күні, облыстар мен Шымкент қаласында – 15 жұмыс күні.

Мемлекеттік қызмет ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және ҚР Ішкі істер министрлігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде іске қосылды.