Көлік құралдарының электрондық паспорттары жүйесінің сайты жаңартылды

Қолданушылар үшін ашықтық пен қолайлылықты арттыру мақсатында көлік құралдарының электрондық паспорттары (ҚКЭП) жүйесінің сыртқы сайты жаңартылды. Енді сайтта ҚКЭП мәртебесін тексеруге арналған жаңа онлайн-сервис қолжетімді.
Бұл сервис арқылы көлік иелері электронды төлқұжатының жарамды-жарамсыз екенін жедел біле алады. Егер қателер салдарынан «жарамды» мәртебесі берілмесе, жүйе себебін автоматты түрде көрсетіп, оны түзету бойынша ұсыныс береді. Қызмет Қазақстанда, сондай-ақ Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясында рәсімделген төлқұжаттарды қамтиды.
Сонымен қатар, сайттың жаңартылған нұсқасы ақпараттық тұрғыдан толықтырылып, навигациясы жеңілдетілді. Мұнда жеке тұлғаларға арналған ҚКЭП рәсімдеу жөніндегі қадамдық нұсқаулықтар орналастырылған: Қазақстанда автокөлік сатып алу кезінде, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен көлік әкелгенде немесе ЕАЭО-ға кірмейтін үшінші елдерден импорттаған жағдайда.
Жүйемен тікелей жұмыс істейтін заңды тұлғалар үшін ЭПЖ-ге қосылу тәртібі туралы толық ақпарат берілген. Онда келісімшарт жасасу рәсімі, қажетті құжаттар тізімі және өзара әрекеттесуге қойылатын талаптар көрсетілген. Жеке бөлімде ҚКЭП рәсімдеу мен қолдануды реттейтін барлық қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер жинақталған. Сонымен бірге, жиі қойылатын сұрақтарға жауап берілетін бөлім бар, онда ҚКЭП-мен жұмыс істеудің негізгі қырлары түсіндірілген. Сондай-ақ пайдаланушылар толық байланыс деректерін, оның ішінде техникалық қолдау қызметімен байланыс арналарының барлығын таба алады.
ҚКЭП дегеніміз не?
Электрондық көлік паспорты – автомобиль туралы толық ақпаратты қамтитын цифрлық құжат: техникалық сипаттамалары, әкеліну және тіркелу тарихы, кәдеге жарату деректері жиналған. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанға әкелінген барлық көлік құралдарын алғашқы тіркеу үшін ҚКЭП болуы міндетті. Бұл талап көлік құралдарын тіркеу қағидаларында бекітілген.
ҚКЭП тек Қазақстанда ғана емес, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде – Ресей мен Беларусьта да қолданылады. Оның енгізілуі тіркеу рәсімін жеңілдетіп, жалған құжат жасау мен қателікке жол бермей, елдер арасындағы ақпарат алмасуды сенімді етті.
Жүйе қалай жұмыс істейді?
Қазақстанда ҚКЭП-ның ұлттық операторы – «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ. Компания ақпараттық жүйенің жұмысын қолдайды, функционалын дамытады және мемлекеттік деректер базаларымен тұрақты интеграцияны қамтамасыз етеді.
ҚКЭП-ға арналған деректер түрлі мемлекеттік органдардан түседі: Техникалық реттеу және метрология комитеті, Мемлекеттік кірістер комитеті, «Жасыл даму» АҚ, ІІМ және басқа ұйымдардан. Бұл көлік құралының толық цифрлық профилін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Егер паспортта қандай да бір мәлімет көрсетілмесе, пайдаланушы тікелей тиісті ұйымға жүгінуі қажет. Мысалы, кедендік рәсімдеу туралы ақпарат жоқ болса – Мемлекеттік кірістер комитетіне, көлік құралының құрылымдық қауіпсіздігі жөніндегі мәліметтер үшін – Техникалық реттеу және метрология комитетіне, ал утилизациялық алым бойынша деректер болмаған жағдайда – «Жасыл даму» АҚ-на хабарласу керек.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бүкіл платформаның тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, қызметтерді жетілдіруде. Мақсат – ҚКЭП рәсімдеу мен пайдалану процесін мүмкіндігінше ыңғайлы әрі түсінікті ету.
Қосымша сұрақтар бойынша 701 999 нөмірі арқылы байланыс орталығына хабарласуға немесе ҚКЭП жүйесінің ресми сайтындағы жаңа тексеру сервисін пайдалануға болады.