Skip to main content

Техникалық байқау операторы қызметін жүзеге асыруға рұқсатты енді elicense.kz алуға болады

Техникалық байқау жүргізуге рұқсат алу әлдеқайда жеңілдеді: операторларға рұқсат беру құжатын рәсімдеу қызметі енді толықтай автоматтандырылған және elicense.kz порталында қолжетімді. Онлайн өтінім беру жеткілікті.

Техникалық байқау – Қазақстан аумағында тіркелген және жол қозғалысына қатысатын барлық көлік құралдары үшін міндетті талап. Бұл ереже шетелдік автокөліктер мен тіркемелерге де қолданылады, себебі ол жалпы пайдаланымдағы жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұрын техникалық байқау операторлары қызметті бастау үшін немесе тоқтату үшін тек хабарлама берсе жеткілікті еді. Алайда жақында заңнамада өзгерістер енгізіліп, енді ресми рұқсат құжатын алу талап етіледі. Мұндай құжатты Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көлік бақылау комитетінің аумақтық органдары береді.

Қызметті пайдалану үшін пайдаланушыға:

  • elicense.kz порталына кіріп, авторизациядан өтіп, «Көлік» – «Рұқсаттар» бөліміне өту қажет;
  • «Техникалық байқау операторының қызметіне рұқсат беру» қызметін таңдап, қажетті деректерді толтыру керек;
  • қажетті қызмет түрлерін белгілеу қажет;
  • деректерді толтыру керек;
  • өтінімді қол қоюдың қолжетімді тәсілдерінің бірімен растау қажет.

Рұқсат алу үшін оператор білім туралы құжатты немесе техникалық байқау маманының сертификатын, жеке куәлігін, жабдық туралы мәліметтерді және ғимараттың ішкі-сыртқы көрінісінен 10 фотосуретті қоса тіркеуі тиіс. Сонымен қатар, таңдалған қызмет түріне байланысты қосымша құжаттар талап етіледі: егер жылжымалы техникалық байқау желісі ашылса – көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер; егер стационарлық техникалық байқау желісі ашылса – заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы мәліметтер және жылжымайтын мүлікке қатысты құқық белгілейтін құжаттар.

Дайын рұқсат құжаты 8 жұмыс күні ішінде қалыптастырылып, жеке кабинетте рұқсат құжаты түрінде қолжетімді болады.

Қызмет ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі арасындағы ынтымақтастық аясында іске қосылды.