Skip to main content

Жыл басынан бері 1414 Бірыңғай байланыс орталығына 900 мыңға жуық өтінім түсті

Жыл басынан бері 1414 Бірыңғай байланыс орталығына 900 мыңға жуық өтінім түсті

2017 жылдың алғашқы екі айында мемлекеттік қызметтер бойынша жұмыс жасайтын 1414 Бірыңғай байланыс орталығына 857 643 өтінім түскен. Былтырғы жылдың қаңтар-ақпан айларында бұл көрсеткіш 772 065-ті құрады. Бұл өтінімдерге телефонға қоңырау шалулар, электрондық поштаға келген хаттар мен форумға түскен сауалдар жатады. Биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында қабылданған қоңыраулардың саны ғана 818 192-ні құраған (қаңтар – 433 867, ақпан – 384 325).

Отандастарымыз жиі хабарласқан әрі сұранысы жоғары болған қызметтер түріне тұрғылықты жер бойынша тұрақты және уақытша тіркеуге тұру және одан шығу, мүліктің барына (жоғына) қатысты анықтамалар, баланың тууы мен күтіміне байланысты жәрдемақылар, салықтық есепті тапсыру, Қазақстан Республикасының ұлттық куәландырушы орталығымен берілетін тіркеу куәліктерін алу және тапсыру, азаматтарға уақытша куәліктерді беру және т.б. жатады.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, стационарлы телефон арқылы Бірыңғай байланыс орталығына Алматы мен Астана қалаларының, Павлодар, Қостанай және Қарағанды облыстарының тұрғындары басқа аймақтарға қарағанда жиірек хабарласқан.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Бірыңғай байланыс орталығының директоры Анар Ұлманованың айтуынша, уақытша тіркеуге тұруға қатысты болған жүктемеге қарамастан, операторлардың орташа бағасы қаңтар айында 4,72-ні құраса, ал ақпан айында 4,74,-ті құрады. Бұл сан пайдаланушылардың қызметтер сапасына деген қанағаттанушылық деңгейінің жақсы көрсетікішін білдіреді.

Әрбір оператордың тұтынушымен сөйлескен әрбір қоңырауы жүйеде автоматты түрде сақталады, әрі кез келген уақытта консультация сапасын тексеруге мүмкіндік бар. Осындай тексерулерден кейін қызмет көрсету сапасын жақсартуға арналған шаралар қолданылады. Оның үстіне кез келген қоңырау шалушы оператормен сөйлесіп болғаннан кейін 5 баллдық шкала бойынша қызметтің сапасына баға бере алады.

Естеріңізге салсақ, 1414 Бірыңғай байланыс орталығы бес жылдан бері тәулік бойы 736 мемлекеттік қызмет бойынша азаматтарға тегін анықтамалық қызмет көрсетіп келеді.