Skip to main content

2025 жылдың басынан бастап қазақстандықтарға 26 миллионнан астам мемлекеттік қызмет онлайн түрде көрсетілді

2025 жылдың басынан бері қазақстандықтар eGov.kz порталы және eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы 26 миллионнан астам мемлекеттік қызмет алды. Оның ішінде 12 миллион немесе 45%-ы смартфондар арқылы көрсетілген, бұл мобильді форматқа деген сенімнің қарқынды өсіп келе жатқанын көрсетеді.

Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн қолжетімді, және қазақстандықтар бұл мүмкіндікті белсенді пайдаланып келеді. Электрондық үкімет порталына тіркелген пайдаланушылар саны 14,8 миллионнан асты, оның ішінде 270 мың адам биыл ғана тіркелген.

eGov Mobile мобильдік қосымшасының танымалдығының артуы ерекше назар аудартады – жыл басынан бері оның аудиториясы 1,1 миллионға көбейіп, 11 миллионға жетті. Қосымшадағы ең сұранысқа ие сервистердің бірі – «Цифрлық құжаттар» бөлімі. Бұл қызмет 41 миллионнан астам рет пайдаланылған. Бүгінде қосымшада жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, студенттік билет және басқа да маңызды құжаттарды қоса алғанда, 38 цифрлық құжат қолжетімді.

Қосымшаның танымалдылығын пайдаланушылардың тұрақты белсенділігі де дәлелдейді: ай сайын eGov Mobile қосымшасын 5,8 миллионнан астам адам қолданады.


Электрондық үкімет іске қосылған сәттен бастап азаматтарға жалпы саны 573 миллион қызмет көрсетілді: оның ішінде 489 миллионы – eGov.kz порталы арқылы, 84 миллионы – eGov Mobile мобильдік қосымшасы арқылы.

Қалыптасқан анықтамалар мен негізгі қызметтерден бөлек, қазақстандықтар жаңа цифрлық құралдарды да белсенді меңгеріп келеді. Ең сұранысқа ие қызметтердің қатарында – Nomad Guard сервисі арқылы деректердің таралуын (ақпараттың заңсыз жария болуын) тексеру, eGov Mobile қосымшасы арқылы 073/у медициналық анықтамасын рәсімдеу, сондай-ақ жолда байқалған ақаулар туралы автокөлік иесіне хабар жіберуге мүмкіндік беретін «Көлік иесін ақау туралы хабардар ету» қызметі бар. Сонымен қатар, жол-көлік оқиғасынан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылыққа дейінгі түрлі оқиғалар бойынша полицияға дереу өтініш жолдауға мүмкіндік беретін «Заң және тәртіп» сервисі де танымал.

Цифрлық сервистерді дамыту тек жаңа функциялар қосудан тұрмайды. Жүйені әзірлеуші команда қолданыстағы шешімдерді жетілдіру бағытында жүйелі түрде жұмыс істеуде: пайдаланушы тәжірибесі сарапталады, қызмет алу сценарийлері оңтайландырылады, қызмет алу қадамдарының саны азайтылады. Көптеген жаңартулар пайдаланушыға байқалмайды, бірақ қызмет көрсету ыңғайлылығы мен жылдамдығын айтарлықтай арттырады.