Наурыз мерекесіне орай ҚР ЖИЦДМ ұйымдары арасында спартакиада өтті
Наурыз мерекесін атап өту аясында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне қарасты ұйымдар арасында спартакиада ұйымдастырды.
Жарысқа ҚР ЖИЦДМ, «Ghalam» ЖШС, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ, «Мемлекеттік радиожиілік қызметі» ШЖҚ РМК, «Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығы» РМК, «Цифрлық үкіметті қолдау орталығы» ШЖҚ РМК, «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы» АҚ, сондай-ақ «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ командалары қатысты.
Қатысушылар армрестлинг, гир спорты, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері – асық ату мен арқан тарту бойынша сынға түсті. Жарыстар барысында қатысушылардың күші, төзімділігі, ептілігі және командалық бірлігі айқын көрінді. Бағдарламаға ұлттық спорт түрлерінің енгізілуі іс-шараға ерекше сипат беріп, спартакиаданың Наурыз мейрамының дәстүрлерімен сабақтастығын айқындай түсті. Қатысушылар бір-біріне белсенді қолдау көрсетіп, достық пен бірлікке толы атмосфера қалыптастырды.
Спартакиаданың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте:
- 1-орынды «Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығы» РМК командасы;
- 2-орынды «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы» АҚ командасы;
- 3-орынды Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің командасы иеленді.
Жекелеген спорт түрлері бойынша да жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ қызметкерлері арасында Мұхамадияр Мейрбеков ұлттық спорт түрі – асық ату бойынша үшінші орынға ие болды, ал Тимур Бимағамбетов 40 жастан жоғары санатта армрестлинг жарысының жеңімпазы атанды. Барлық жеңімпаздар дипломдармен және медальдармен марапатталды.
Алдағы уақытта осындай спорттық іс-шараларды тұрақты түрде өткізу жоспарланып отыр. Бұл бастама ұйымдар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға, корпоративтік мәдениетті дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және қызметкерлер арасында командалық рухты күшейтуге бағытталған.







